Елімізде бірқатар облыстағы ауылдарды еріген қар суы басып қалды


Семей көшелері мен Алматы және Жетісу облыстарындағы ауылдар су астында қалды. Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында қала көшелерін еріген қар суынан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Семейде суды тазартуға 10 бірлік вакуумдық ассенизатор машиналары, 6 бірлік жылжымалы мотопомпалар және 6 бірлік цистерналары бар автомашиналар жұмылдырылды. Қала әкімдігінің мәліметінше, кәріз суларын қабылдау құдықтарын тазартуға илосос машинасы мен арнайы техника тартылып, 1500 м3 астам су сорылды.

“Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Холодный Ключ, Восход кенттерінде қар шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Қар шығаруға 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Биыл 10 наурыздағы жағдай бойынша қыс мезгілінің басынан бастап қала аумағынан 73 мың м3 қар шығарылды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Алматы мен Жетісу облыстарында аулаларды еріген қар суы басып қалды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, екі өңірде де төтенше жағдайлар қызметі арнайы техникалармен жиналған суды соруға кірісті.

Жетісу облысында егістік жерлерде қар еріп, Алакөл ауданы Бескөл станциясында шамамен 10 жеке тұрғын үйдің ауласын су алды. Облыстық ТЖД мен жергілікті атқару органдарының 12 адамы, 5 техникасы және 3 мотопомпа көмегімен еріген қар суын бұру және суару каналын кеңейтіп жатыр. Оқиға орнына ТЖД бастығымен бірге 25 құтқарушы, 4 техника және 6 мотопомпа жіберілді.

Алматы облысында да алқаптардағы еріген қар суы Қосқұдық ауылындағы Түрксіб көшесіндегі 5 ауланы басып қалған.

“Түркісіб көшесінде жалпы 30 тұрғын үй орналасқан. ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдар экскаватордың көмегімен жиналған еріген суды ағызу жұмыстарын жүргізді. Төтенше жағдай кезінде ешкім зардап шеккен жоқ”, – деп мәлімдеді ведомство.

Алматы облысында су тасқынының салдарын жоюға 30 қызметкер, 5 техника мен 3 мотопомпалары және жергілікті атқарушы органның 4 қызметкері мен техникасы жұмылдырылды.

Бұған дейін Зайсан көшелерін еріген қар суы басып қалғаны туралы жазған едік