Қаракөлде қырылып қалған 1 мыңнан астам аққудың өлексесі жойылды

Маңғыстау облысы Қаракөл көліндегі жаппай қырылып жатқан аққулардың өлексесі арнайы аппаратпен өртеліп, жойылып жатыр. Осы күнге дейін 1110 аққудың өлексесі табылған.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

«Аққулардың өлексесі ветеринарлық талаптарға сай жойылып жатыр. Мамандар арнайы қорғау киімдерімен қамтылған. Құстардың өлексесін жою үшін Атырау қаласынан инсинератор пеші бар «Камаз» автокөлігі алынды. Өлген құстар пеште өртеліп, күнделікті жойылып отырады» деп жауап берді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Kazinform агенттігінің арнайы сауалына.

Сондай-ақ, сауал жауабында 2024 жылғы 22 қаңтарда Қаракөл көлінде 1110 аққудың өлексесі табылып, жойылғаны айтылған.

Еске сала кетейік, Маңғыстауда қырылған аққу саны 1 мыңнан асып кетті.

Алдын ала мәлімет бойынша, аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауынан болған.

Кейін Қаракөлге Rixos-тен төгілетін қалдық судың қаншалықты лас екені жарияланды.