Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдар мен шағын қалалардағы шағын несиелеудің өзгерген шарттары туралы айтты, деп хабарлайды LS.
Министрліктің мәліметінше, қаржыландыру келесі шарттарда жеделдік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз ету, нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады:
- микронесие мерзімі – бес жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – жеті жылға дейін;
- шағын қарыздың ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін (8,6 млн теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (27,6 млн теңге).
"Бұрын алынған микронесие бойынша міндеттемелерді толық орындаған үміткерлерді қайта несиелеу кезінде бұл мөлшер 8 мың АЕК-ке дейін ұлғаяды. Бұл ретте микронесиелер бағдарлама үміткерлерінің қайтарылған қаражаты есебінен беріледі, бірақ микронесиенің максималды мерзімінің 1/2 бөлігінен ерте емес", — деп нақтылады ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Шарттары:
- номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды;
- кепілмен қамтамасыз ету;
- негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микронесиелеу мерзімінің ұзақтығының 1/3 аспайды;
- микронесиелеуге рұқсат алғаннан кейін салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелу.
Сонымен қатар, осы несие түрлерін алуға үміткерлер ауылдық елді мекендердің (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалалардың жеке тұлғасы мен заңды тұлғасы болып табылады. Атап айтқанда:
- жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекетсіз дара кәсіпкерлер;
- отбасылық кәсіпкерлікте ақысыз қызметпен айналысатын адамдар;
- сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар;
- ауыл шаруашылығы кооперативтері;
- бастаушы және жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер.
Айта кетейік, "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 2024 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлініп, 16 мыңнан астам шағын несие беруге бағытталады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгеден 3 692 теңгеге дейін артады.