Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылында күйеуін аса қатігездікпен өлтірген 34 жастағы әйел 15 жылға сотталды. Әйел былтыр 10 тамызда некедегі күйеуін үйінде өлтірген. |
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дау TikTok-тан басталған. Әйелдің анасының айтуынша, 40 жастағы жолдасы әйеліне әлеуметтік желіге видео түсіруге тыйым салып, жанжал туған.
“Сол күні қарбыз алып келген. Балаларымен бірге қарбыз жеп отырған. Қызым өзі TikTok түсіреді, кішкентай кезінен актриса болуды армандайтын. Желідегі видеосын көріп қойып, күйеуі ұрыс шығарған. Баласының айтуынша, “осыдан кейін ол қызыма пышақ беріп, өзіңе тық” деген. Үшке дейін санаймын, өзіңді өлтіресің, менің қолымның ізі қалмайды деген. Ол “өз-өзіме қалай тығамын” деп жылаған”, – дейді анасы.
Осылай деп жылаған Тіллайым Молдабекова қызының тұрмысқа шыққалы қорлық көргенін айтады.
“Қызымның көрмегені жоқ. Қазір балалары айтып жатыр: ”Мамамды жалаңаштап мұзға қойып қоятын” деп. “Әке, кіргіз” деп жыласа да кіргізбеген. Темекі шегіп, шоғын қызымның кеудесіне басады екен. Өзі көлік жөндейтін, соның темірлерімен де ұрып-соққан. “Өлтіріп, көміп тастаймын, әке-шешеңмен қосып жағып жіберемін” деп әбден қорқытқан. Соның бәрі жиналып осы қылмыс жасалды ”, – дейді сотталушының анасы Тіллайым Молдабекова.
Белгілі болғандай 34 жастағы әйел күйеуін өлтіргесін қылмысын жасырамын деп денесін бөлшектеп тастаған екен. Мәйітті бөшкеге салған қылмыскер өтініш жасап, көршісінің көлігімен мәйітті Келес өзеніне апарған. Әйелдің түн ішіндегі бұл әрекетінен күдіктенген көрші үшінші күні бөшкені ашып көріпті. Содан Құндыз Молдабекованың қылмысы әшкере болады. Оған дейін әйел мәйіттің бөлшектенген үш бөлігін өзенге ағызып үлгерген. Сондай-ақ жолдасының көлігін 2 миллион 300 мыңға досына сатыпты. Осылайша Түркістан облысының тұрғыны 99-баптың 2-бөлігі (Адам өлтіру) және 190 баптың 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
“Біздің бар сұрарымыз қызымның балалары біздің қолда қалса екен. Оларды бұл оқиға болмай тұрып өз тәрбиемізге алғанбыз. Енді бізден айырмаса екен”, – дейді сотталушының анасы Тіллайым Молдабекова.
Айта кетейік, марқұмның туыстары келіндерінің өмір бойына сотталуын сұраған еді. Кешірім бермейміз деген жәбірленуші тарабы балалардың балалар үйіне тапсырылуын да сұраған. Енді балалардың қайда қалатынын Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі шешеді.