Жастар кітап оқымай ма?

Биылғы өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Біз өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуымыз керек» деп айтты.

Осыған орай Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Оқырман ұлт» Алматы қаласы жастарының оқу белсенділігін арттыру жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты жастар мен жасөспірімдерге кітап оқуды насихаттау, кітап оқуға ынталандыру, сауатты жастардың санын көбейту, кітап таралымын жандандыру, соңғы шыққанзаманауи кітаптармен, авторлармен таныстыру, жастардың бос уақытын кітап оқу арқылы тиімді пайдаланып сапалы мамандарды дайындап шығу.

Осы орайда қаламыздағы Жоғарғы оқу орындарымен колледждерде арнайы кітап жәрмеңкелерін, баспагерлер және кітап авторларымен кездесулер, кітап оқудың пайдасы туралы семинарлар өткізілуде. Осы жоба аясында 24 қазан Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ университетінде «Оқырман ұлт» кітап көрмесі өтті. Көрмеге кітап саласында жемісті еңбек етіп жатқан заманауи баспалар мен кітап дүкендері шақырылды. Атап айтар болсақ: «Мазмұндама»,«Steppe&world», «КітапАл», «Қазына», «Marfu», «Olja Peak» эстетикалық кеңсе өнімдері, «Қасым», «Ziyat», «Қыр баласы», «Отбасы» баспа үйлері қатысты.

Студенттер мен оқытушыларға арналған кітап көрмесі таң ертеңнен кешке дейін жалғасты. Танымал тележүргізуші Берік Көшербекұлы жүргізген шараның ашылуы ҚазЭУ, Ғылыми кітапхана директоры Ақмарал Бекқызының сөзімен басталды. Шара барысындабелгілі шығыстанушы, логотерапевт, «Бейсен және болмыс», «Өмірге ғашық болу», «Өркениетті адам»,«Қуыскеуде» кітаптарының авторы Санжар Керімбайжәне «Жылдам оқы», «Мінезді өзгерту алхимиясы», «Әдет күші», «Супержады» кітаптарының авторыМирас Кесебаевпен кездесу өтті.

Авторлар «Кітапты не үшін және қалай оқимыз?» тақырыбында баяндама жасап, студенттердің түрлі сұрақтарына жауап берді. Көрмеге қатыстқан жастардың саны екі мыңнан асады. Студенттердің белсенділігі және кітапқа деген қызығушылығы «Жастар кітап оқымайды» деген пікірдің қате екенін көрсетіп берді. Шара соңында жастар отандық баспалармен байланыс орнатып, қолдарына том-том кітап құшақтап қайтып жатты.