Ақылы жолдардан түскен ақшаны жол құрылысына алынған несиеге жұмсау мәселесі қаралып жатыр деп хабарлайды LS.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, қазіргі уақытта ақылы жол жүйесі 3,2 мың шақырымды қамтиды.
"Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы жол енгізіледі, оның кірісі 60 млрд теңгені құрайды. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Осы қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін өтеуге бағыттау мәселесі қарастырылуда", – деді ол.
Министрдің айтуынша, 2024 жылы ақылы жолдардан түскен табыс 48 млрд теңгені құраған.
Қарабаев трассалар бойындағы сервистік нысандарды дамыту мәселесіне назар аударды. Бүгінде олардың саны 1,4 мыңнан асады, оның 90%-зы ұлттық стандарттарға сай келеді.
"Биыл бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту үшін ірі инвесторлар – QazaqOil, RoyalPetrol және Compass 400-ден астам нысан салуды және жаңғыртуды көздеуде. 2029 жылға дейін осындай 60 кешен салу жоспарланса, оның 10-ы биыл іске асырылмақ. Жалпы инвестиция көлемі- 120 млрд теңге. Бұл нысандарда демалыс орындары, автотұрақтар мен жанармай құю бекеттері қарастырылады. Сондай-ақ, елімізде алғашқы ұлттық қонақүй желісі мен оның франшизасы қалыптастырылады", – деп түсіндірді Қарабаев.
Сонымен қатар, ол 2025 жылы 13 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланғанын айтты. Атап айтқанда, Қалбатау – Майқапшағай, Құрты – Қонаев, Қызылорда – Жезқазған және Ұзынағаш – Отар жолдары жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған, Атырау – Доссор, Сарыағаш қаласын айналып өтетін жолдар бірінші техникалық санатқа ауыстырылады.
Ең ауқымды жұмыстар Солтүстік Қазақстан (1,3 мың км), Ақмола (1,2 мың км) және Абай (1 мың км) облыстарында жүргізілмек.
30-50 жыл бойы жөндеу көрмеген Петропавл – Жезқазған (703 км), Қандыағаш – Шалқар (246 км), Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы (156 км), Қарағанды – Аягөз – Бұғаз (452 км) жолдары толықтай жаңғыртылады, деп атап өтті министр.
Жалпы, 2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды жаңарту көзделіп отыр, олар бірінші және екінші санатқа ауыстырылады.
Бұған дейін, алдағы үш жылда Қазақстан жолдарында интернет орнатылатыны хабарланған болатын.