Бұл туралы "Отбасы банк" облыстық филиалы директорының орынбасары Мира Сапарқызы баяндады.
Спикердің айтуынша, арендалық пәтерлерді тек Қазақстан азаматтары мен қандастар ала алады. Ол үшін бірыңғай электронды базаға "тұрғын үйге мұқтаж " ретінде тіркелу қажет.
"Үйді бөлу процесі толық автоматтандырылған. Қолмен бөлу немесе кезектен тыс беру қарастырылмаған. Барлығы жүйе арқылы, адамның табыс деңгейі мен кезекке тұрған күніне байланысты анықталады", – деді Мира Сапарқызы.
Биыл бөлінетін жалдамалы үйлердің кемінде 70%-ы әлеуметтік осал топтарға беріледі. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар және басқа да санаттағы азаматтар бар. Оның ішінде 20% арнайы квота ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бағытталады.
Қалған 30% арендалық тұрғын үй ресми түрде тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген өзге азаматтарға бөлінеді.
"Егер отбасы 3 және одан көп адамнан тұрса, әр мүшенің соңғы 6 айдағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 есесінен аспауы тиіс. Ал отбасы 1–2 адамнан тұрса, табыс деңгейі күнкөріс минимумының 3,5 есесінен аспауы қажет. Пәтерлердің көлемі әр адамға 15–18 шаршы метрден есептеледі. Барлық бөлу процесі автоматтандырылып, азаматтарға SMS-хабарлама және жеке кабинет арқылы жеткізіледі", – деп атап өтті спикер.
Бұл бағдарлама тұрғын үйге аса мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталған.
Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалған