Қазақстанда құрылыс қарқыны төмендеді, деп хабарлайды LS.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылдың екі айында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы (3 968) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға қысқарды. Оның ішінде көппәтерлі үйлер – 158 (-11,2%), жеке үйлер – 3 803 (-13%).
Салынған тұрғын үйдің жалпы ауданы 2 млн шаршы метрді (-3,4%), құны 403,3 млрд теңгені (+2,1%) құрады.
Тұрғын үйлердің ең көбі Астанада салынды – 667,7 мың шаршы метр, 57,2%-ға ұлғайды. Бұдан әрі Алматы – 243,3 мың шаршы метр, алайда мұндағы құрылыс алаңы бірден 42,5%-ға қысқарды.
Алматы облысында 133,6 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй (+5%), Қостанай облысында – 106,9 мың шаршы метр (+2,1%), Қызылорда облысында – 106,8 мың шаршы метр (+4,1%) салынды.
Ең азы Ұлытау облысында – 1,2 мың шаршы метр (-89,7%), Шығыс Қазақстан облысында – 10,9 мың шаршы метр (+2,6%) және Солтүстік Қазақстан облысында – 11,4 мың шаршы метр (+16,9%) салынды.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанда жеті мектеп, сегіз балабақша және 10 емхана салынды.
Бұған дейін, LS редакциясы биыл Алматыда жаңа тұрғын үйлердің іске қосылуы 20%-ға төмендейтіні туралы жазған болатын. Мегаполис әкімі Ерболат Досаев себептерін түсіндірді.