Бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаевты прокурор 12 жылға соттауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Азаттықсілтеме жасап. |
Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты мәлімдеген. Әлтаевқа Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлімі ("Пара алу") бойынша айып тағылған. Оның соты жабық режимде өтіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Әлтаевты "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды (135 мың доллар) деген күдікке ілініп отырғанын хабарлаған. Саясаткер айыпты жоққа шығарған.
Ол кейінгі кезде "Ел тірегі" партиясын құруға әрекеттеніп, билікті жиі сынай бастаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Әлтаевты "саяси тұтқын" деп таныған.
Еске сала кетейік, 31 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-мәжілісмен, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өткен болатын. Прокурор экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаевтың ісін жабық режимде өткізуді сұраған. Сот оның өтінішін қанағаттандырған еді.
Прокурор экс-мәжілісмен Нұржан Әлтаевқа қандай айып тағылып отырғанын айтты. Оның сөзінше, экс-мәжілісмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тұрған кезде “2018-2020 жылдар аралығында делдалдар арқылы 50 млн теңгеден артық пара алған”. Қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалған.
Сотта Нұржан Әлтаев өзіне тағылған айыпты «сандырақ» деп атаған болатын.