Қазақстан Ресей мен Өзбекстаннан энергияны қандай бағамен сатып алады

Қазақстан Ресеймен электр энергиясын сатып алу шарттары бойынша келісімге келді, деп хабарлайды LS.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, екі елдің бірыңғай энергетикалық жүйелері қатар жұмыс істейтін болады.

"Ресейден біз электр энергиясын екі жағдайда сатып аламыз – тапшылықты жабу және жоспарланбаған ағындар. Екінші жағдай электр желісіндегі ауытқулар кезінде туындайды. Әрбір нұсқа үшін әртүрлі төлем режимдері қарастырылған. 150 МВт-қа дейінгі ауытқу шеңберінде Қазақстан үшін электр энергиясының бағасы 1 кВт/сағ үшін 8 теңге. Егер тұтыну 150 МВт-тан асса, онда ресейлік желілер бойынша диспетчерлеу және транзит үшін қосымша шығындар қосылып, бағасы 1 кВт/сағ үшін 23,8 теңгеге дейін көтеріледі", – деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан ең жоғары жүктеме сағаттарында көршілес мемлекеттерден қымбат электр энергиясын сатып алуға мәжбүр.

"Өткен жылы біз Өзбекстаннан да электр энергиясын ішінара сатып алдық. Ондағы орташа баға – 1 кВт/сағ үшін 48 теңге. Бұл ішкі нарықтағы тарифтердің өсуіне әсер етпейді, өйткені бұл-мәжбүрлі шара. Егер біз оны сатып алмасақ, тұтынушылар үшін электр энергиясын шектеуге тура келеді", – деді Сәтқалиев.

Сонымен қатар, тараптар жыл сайын Қазақстанға берілетін электр энергиясының көлемін келісіп отыруға уағдаласты.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" келісімді ратификациялады.

Бұған дейін, сарапшылар LS-ке ҚҚС мөлшерлемесі көтерілген жағдайда электр энергиясы мен басқа да коммуналдық қызметтердің қымбаттауы мүмкін екенін ескерткен болатын.