Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила Геннадий Головкиннің Олимпиада комитетінің президенті болғанын байланысты пікір білдірді. |
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"НАДАН ЕЛ ҚУАНБАС НӘРСЕГЕ ҚУАНАДЫ. АБАЙ
Қуанса бүгін қуансын қазақ, Төбесі көкке тимей тұр аз ақ(((
Кеше бала бақшадағы сәбилер бірін -бірі аяусыз соғып, тепкілеп жатқан видеосын салғанда көптеген оқырмандар "Ата-анасы не тәрбиеші кінәлі" дегенді айтып жатты!
Оған қоғам, мына сіз бен біз кінәліміз. Бокс, ережесіз жекпе жек жауыздыққа тәрбиелейді! Оны ұлықтап, насихаттау ұлтыңа жасалған ҚАСТАНДЫҚ!
Спорттың төресі жеңіл атлетика. Спортпен 100% барлық Қазақстандық айналысуы керек. Ол үшін қарапайым кроссовка жетеді. Спорт алаңқайларын салу керек.
Үлкен спорт- Бизнес!
Генаның жеке басына ешбір өштігім де, қызғанышым да жоқ. Бірақ ол Қазақ еліндегі балалардың психологиясын бұзғаннан басқа ештеме әкелмейді.
"Қазақты әлемге танытты, көк туды желбіретті" дерсіздер. Одан сізге, елге, келер ұрпаққа не пайда?
Абай дананың осы жайлы жазып кеткенін тағы бір рет оқып, ақыл елегінен өткізіп көрейікші!
Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе,күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен?
Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар?
Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді.
Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен?
Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды", — деп жазды Ахметбек Нұрсила.