Жерсеріктер анықтаған газ кен орнындағы апаттан кейін газдың тарауы әлі тыйылған жоқ
Маңғыстау облысындағы Оңтүстік Қаратұрын кен орнында өрт тұтанған сәттен бастап төрт айдан астам уақыт өтті, жер астынан шығып жатқан метанды әлі де бірнеше ғарыш агенттігі алған геокеңістік түсірілімдерінен байқауға болады. Бұл Қазақстанда экологиялық апат жалғасып жатқанының дәлелі.
Газдың ауаға таралуы туралы жаңалық тамызда кеңінен жарияланды, сонда геоаналитиктер Маңғыстаудағы газдың таралуын «супер шығарынды» деп жіктеуге болатынын көрсетті.
Қаратұрындағы газдың шығуына БАҚ назарын бірінші болып аударған Француздың Kayrros SAS геоаналитикалық компаниясы апат басталғалы әлі таралып жатқанын мәлімдеді.
«Біз бұл объектіден метан әлі де шығып жатқанын бақылап отырмыз», — деді Kayrros өкілі Власть басылымына берген сұхбатында.
Алайда, мемлекет метанның таралуына емес, кен орнындағы өртті сөндіруге көбірек көңіл бөліп отырған секілді. Десек те, бірінші аталған мәселенің қоршаған ортаға салдары көбірек, өйткені метан өрттен бөлінетін көмірқышқыл газына қарағанда 80 есе күшті парник газ.
3 қазанда Астанада ондаған мұнай-газ компаниясының басын қосқан Kazenergy форумында экология министрі Ерлан Нысанбаев шығарындыларды шектеу қажет екенін айтты.
«Қазақстанның мұнай-газ саласы метан шығарындысын өндірістің барлық кезеңінде бақылау және азайту бойынша белсенді шаралар қабылдауы қажет деп санаймыз», — деп мәлімдеді министр.
Власть Қаратұрын кен орнында болып жатқан өрт пен метанның таралуы туралы сұрақ қойған еді, министр абдырап қалды.
«Жоқ, мен бұны естіген жоқпын. Қай жерде ол? Мен енді келдім ғой. Енді кірісіп жатырмын», — деді Нысанбаев.
Кейінгі бір жылда үш рет басшы ауыстырған Экология министрлігі тысқары қалып, бұл проблемаларды шешу ауыртпалығы Энергетика министрлігі мен Маңғыстау облысының экология департаментіне артылып отыр.
16 қазандағы брифингте Нысанбаев: «Біз [Қаратұрын кен орнындағы] атмосфераға шығып жатқан газға жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отырмыз», — деп хабарлады.
Анық сурет
Метан — көзге көрінбейтін иіссіз газ. New York Times басылымының 2019 жылғы интерактив материалында оны көзге көрінетіндей қыла отырып, содан келетін проблема ауқымын көрсетуге болатыны келтірілген. Беткі жағындағы күрделі өлшемдерден бөлек, жерсерік түсірілімдері метан шлейфін анық көруге және оның массасын шамалап есептеуге мүмкіндік береді.
Нидерландтық SRON Ғарыш зерттеу институтының өкілі Эрик Арендс метан таралып жатқанына күмән жоқ десе де болады деп мәлімдеді.
«Алғаш рет газдың шығуын 2023 жылғы маусымда TROPOMI 21 жерсерігі дәл анықтады. TROPOMI-дің көру аймағын бұлттар шектесе де, Маңғыстау түбегінен көп нәрсе анықтағанын байқауға болады», — деді Арендс жерсерік түсірілімінен көрініп тұрған метан шлейфін нұсқап.
TROPOMI — Жер бетіне ең жақын атмосфера қабаты тропосфераға мониторинг жүргізуге арналған құрал. TROPOMI 2017 жылы Еуропа ғарыш агенттігі орбитаға шығарған Copernicus Sentinel-5 Precursor жерсерігінің бортында орналасқан.
Власть уақыты көрсетілген түсірілімдерді алды, онда метан шлейфі және жел бағытына қарай оның өзгеруі жақсы көрінеді. Көрнекі болуы үшін біз кен орнындағы өрт орналасқан жерді анимацияладық.
Еуропа ғарыш агенттігінің және Италия ғарыш агенттігінің бұлт кедергі келтірмеген жерсеріктері де кен орнындағы тастанды көлемін сәл-пәл айырмашылықпен өлшей алды.
SRON есебіне сәйкес, олардың мониторинг жүргізуге арналған онлайн құралындағы картина шығарындылар «супер шығарынды» класынан біраз асып түсіп, «ультра шығарынды» санатына өтіп тұрғанын көрсетеді. Газдың таралуы жалғаса берсе, қоршаған ортаға орасан зор залал келеді, тіпті тарихтағы ең ірі апаттардың бірі деп танылуы мүмкін.
Төменде келтірілген графикте біз TROPOMI-дің әр өлшемі «ультра шығарынды» анықтамасымен, яғни 25 тонна/сағаттан асатын көлеммен қалай салыстырылғанын көрнекі түрде береміз.
Бір өлшемдер жүріп жатыр
Маңғыстау облысы экология департаментінің қызметкерлері Власть сұрағына олардың өлшеміне сәйкес, «аумақ ластанып жатыр» деп жауап берді.
«9 маусымда атмосферада жанудан бөлінетін ластағыш заттардың бар-жоғы өлшенді. Өлшеу нәтижесіне сәйкес, метанның ластағыш заттар бойынша шекті рұқсат етілген концентрациясының артуы анықталды — 2540 мг/м3», — делінген департаменттің жазбаша жауабында.
Ведомство, сондай-ақ, атмосфераны өлшеу апта сайын жүргізіледі деді.
Кен орнындағы өртті сөндіргенге дейін ластану ауқымын бағалау қиын деп хабарлады Власть басылымына Экология министрлігі.
«Мамандар өрт сөндірілмейінше дәл ақпарат бере алмайды», — деп мәлімдеді 13 қазанда министрлік өкілі.
Бұнымен Энергетика министрлігіндегілер де келіседі.
«Қазіргі кезде ұңғыма аузына апат ұңғымасындағы бұрқақ қысымы төмендемей жақындау мүмкін емес», — делінген министрлік хабарламасында.
Ал Маңғыстау облысының экология департаменті апат жағдайы біткеннен кейін жауапкершілік пен залалды анықтау үшін кен орнына ревизия жүргізуге уәде берді.
«Оқыс оқиғаның салдарын жойғаннан кейін департамент мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттары мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жоспардан тыс тексеру ұйымдастырады», — делінген департамент хабарламасында.
«Апатты жойғаннан кейін қоршаған ортаға келген залал көлемін анықтау мақсатымен ғылыми-зерттеу институттарының, жоба институттарының және геология мен көмірсутек кен орындарын игеру саласындағы тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жоспардан тыс тексеру тағайындалады», — делінген сауалға жіберілген департамент жауабында.
Айта кетсек, кен орнын игерумен айналысатын «Бузачи Нефть» компаниясы мен экология департаменті тамызда жасаған, метан концентрациясы «2% бен 3% арасында» деген бұрынғы бағалауы оларға соңғы рет сұрағанымызда расталған жоқ.
Шешім көп, бірақ шешімі әзір жоқ
Метанның таралуы қалай тоқтатылады деген сұрағымызға «Бузачи Нефть» өкілдері алдымен өртті сөндіруі керек, апат жұмыстары қазанға дейін жалғасады деп жауап берді. Компания апат басталғаннан кейін апат жұмыстары Маңғыстау экология басқармасы мен Энергетика министрлігі арқылы үйлестірілетінін айтты.
Энергетика министрлігі ұңғыма аузындағы апатпен байланысты проблемалардың шешіміне экологиялық ахуал шешуші әсер ететінін атап өтті.
«Осындай апаттарды жоюдың әмбебап шешімі жоқ екенін айта кету керек. Министрлік мұнай-газ саласының сарапшыларымен, ардагерлерімен және жоба институттарымен, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ акционерлік қоғамымен, «ҚМГ-Бұрғылау» ЖШС, «Бузачи Нефть» ЖШС және басқа компаниялармен бірлесіп, тұрақты түрде техникалық консультация өткізіп тұрады», — деп хабарлады бізге энергетика министрінің орынбасары Асхат Хасенов.
Апат салдарын жою барысы туралы біздің сұрағымызға жауап ретінде «Бузачи Нефть» өкілдері компания бұл жұмыстың аяқталу кезеңінде екенін хабарлады.
«16 қазандағы жағдай бойынша, апатты жою бойынша ақырғы шаралардың бірінші кезеңін өткізу нәтижесінде апат ұңғымасынан газдың бөлінуі біраз азайды, осы арқылы алаудың жану қарқыны азайды», — деп хабарлады бас директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Данияр Дүйсембаев. 23 қазандағы жағдай бойынша да дәл осындай хабарлама таратылды.
«Бірінші кезең» дегеніміз – газ қабатына су жіберу және оқшаулау. Жұмыстар аяқталған соң компания апат ұңғымасын бітеуге кіріседі деп хабарлады. Бұған дейін хабарланғандай, компания апат жағдайын «қазанда» жоюды жоспарлап отыр.